Павлодар оқу орындарының 44 студенті «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ компаниялар тобында өндірістік және дипломалды ақы төленбейтін практикадан өтеді. Оның ішінде 22 студент ЖЭО-да, осынша студент «Павлодар ЭТК» АҚ-да еңбек етеді. Төртінші курстың тағы бір студенті «Profenergy» бағдарламасы шеңберінде 3-ЖЭО-да ақылы практикадан өтіп, әрі қарай кәсіпорынға жұмысқа орналасады.
Орташа алғанда Компания тобының кәсіпорындарында жыл сайын «Жылу энергетикасы», «Автоматтандыру және басқару», «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі», «Электр станциялары мен желілерінің электр жабдықтары», «Электр энергетикасы», «Электрмен жабдықтау», «Информатика», «Электр және электр механикалық жабдықтарды техникалық пайдалану және қызмет көрсету» бағыттары бойынша Павлодар мен Екібастұздың жоғары және орта оқу орындарының 300-ге жуық оқушысы өндірістік практикадан өтеді. Олардың әрқайсысы кәсібін саналы түрде таңдады, балалар энергияның болашағы бар екеніне сенімді.
- Энергетика - өте қажетті мамандық, соның арқасында энергетикалық станциялар мен түрлі кәсіпорындар жұмыс істейді, біздің үйлерге жылу мен электр энергиясы келіп түседі, - дейді «Торайғыров университеті» МЕАҚ төртінші курс студенті Ақан Жұрағат. – Менің отбасымда, туыстарымның арасында энергетиктер жоқ, бірақ мен бұл мамандықты таңдадым және таңдағаныма қуаныштымын. Мен ЖЭО-ға алғаш келгенде қатты таңдандым: бұл қандай күш және әр қызметкерге қандай үлкен жауапкершілік жүктелген. Сондықтан дипломды қорғағаннан кейін мен таңдаған мамандығым бойынша оқуымды енді магистратурада жалғастырғым келеді.
Мұнда кәсіпорында студенттер оқу орнында алған теориялық білімдерін бекітіп қана қоймай, сонымен қатар нақты жұмыс қызметі жағдайында кәсіби дағдылары мен машықтарын дамытады. Көбінесе оқудың дәл осы бөлігі түлектің болашақ мансабының бастауы болады.
– Студенттердің өндірістік машықтану кезінде алдына қойылатын басты міндеттер - бұл жоғарғы оқу орындарында алған білімдерін бекіту және жинақтау; процестер технологиясын игеру, кәсіби машықтар алу, - дейді 2-ЖЭО цех бастығының пайдалану жөніндегі орынбасары, практика кураторы Михаил Поликарпов. – Сонымен қатар, бізге жұмысқа келу үшін болашақ мамандарды қызықтыру маңызды.
Алайда, кәсіпорында бір жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан «PROFENERGY» бағдарламасы болашақ маманды қызықтыруға көмектеседі. Ол жас мамандарды қолдауға және кәсіпорындардың негізгі кәсіптеріне түлектерді тартуға, персоналдың білім деңгейін дамытуға және арттыруға бағытталған. «PROFENERGY» жобасы оқу орындарының оқушылары мен түлектері үшін көптеген артықшылықтарды қарастырады. Бұл оқу бағдарламаларын жетілдіру, практикаларды, экскурсияларды, кездесулерді ұйымдастыру, каникул кезеңіне уақытша жұмысқа орналастыру, атаулы корпоративтік стипендия алу үшін студенттік жұмыстар конкурсын өткізу, емтихан комиссияларына қатысу, өндірістік және дипломалды практиканы төлеу.
- 3-ЖЭО диплом алдындағы практикадан мен «PROFENERGY» бағдарламасы бойынша өтіп жатырмын. Бұл студенттер үшін өте қажет бағдарлама: өз біліміңді тәжірибеде қолданып қана қоймай, сол үшін жалақы да алуға болады, - дейді ИнЕУ-дің төртінші курс студенті Нұржан Сәбитов. - Оқу жылдарында мен «Жылу энергетикасы» мамандығын таңдағаныма сенімділігім беки түсті және ЖОО-ны бітіргеннен кейін жылу электр орталығына маман ретінде ораламын деп шештім.
Айта кету керек, көптеген жас мамандар оқу орнынан кейін бірден энергетика саласында жұмыс істеуге бейім емес, сондықтан бұл саладағы мамандар еңбек нарығында сұранысқа ие. Кейбіреулер мамандыққа жылдар өткен соң келеді. Энергетик мамандығы күрделі, еңбекақы төлеу орташа. Бұған дейін Энергетика министрлігінде атап өткендей, әзірленіп жатқан 2022-2024 жылдарға арналған салалық келісім шеңберінде энергетика саласы қызметкерлерінің, оның ішінде табиғи монополиялар субъектілері үшін жалақы деңгейін арттыру тетігін көздеу жоспарлануда.