Кенжекөл ауылында екінші наурыз күні «Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Қар еріп, нөсер жауын жауған кезде су тасқыны жағдайындағы іс-қимылдар. Қаланың құтқару және коммуналдық қызметтері су басудың алдын алу, қажет болған жағдайда олардың салдарын жедел жоюға байланысты бірлескен оқытудан өтті.
Тамшы тас жарады
Павлодар өңірінің ірі су артериясы - Ертіс өзенімен көршілес болуының жағымсыз жақтары да бар. Бұдан бұрын да облысымыз су тасқынымен бетпе-бет келіп, үйлердің, жолдардың, көпірлердің және басқа да инфрақұрылымдардың қирауын бастан кешірген. Осыған байланысты өңірімізде тиісті шаралар қабылданды, су деңгейін реттеп, су тасқынының алдын алатын бөгеттер салынды.
Бүгінгі таңда ең басты міндет жедел әрекет ету топтарын сапалы және уақытылы дайындау болып табылады. «Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында Павлодар облысының аумағында арнайы тактикалық оқулар өтті. Оқу-жаттығуға байланысты шараларды өткізу үшін таңдалған елді мекендердің бірі Кенжекөл ауылы.
Павлодар қаласы ТЖ басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ренат Валишанов баяндағандай, іс-шаралар осы елді мекенде болуы мүмкін төтенше жағдайларға немесе су тасқынына байланысты қауіп-қатерлерге жедел жауап қату мақсатында жүргізіліп отыр. Ауыл аумағында ТЖ орын алған жағдайда өзінің функционалдық міндеттерін жедел орындайтын шұғыл әрекет ету жасағы дереу жұмысына кіріседі. Сондай-ақ ауылдық округ аумағында ТЖ жою жөніндегі қалалық штаб ашылды.
Командалық жұмыс
Табиғи апаттар салдарынан үйлерге, жолдар мен техникаға ғана емес, сонымен бірге жылу және электрмен жабдықтау желілеріне де елеулі зақым келуі мүмкін. Қауіп-қатерлерді азайтып, су тасқынының салдарын жедел жою үшін оқу-жаттығуларға «Павлодарские тепловые сети» ЖШС және «Павлодар Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ қызметкерлері де қатысты.
- Біздің топ 7 адамнан және екі техникадан тұрады, олардың біреуі резервте. Сценарий бойынша бізге тіректерді түзету, сымдарды монтаждау және бөлшектеу, биіктікте жұмыс жасау міндеттері қойылды. Мамандар ВК-450 сүзгілері бар заманауи МЗС ВК ЭКРАН газқағарларымен жабдықталған, бұл қорғаныс құралдары кез-келген апаттық-химиялық қауіпті заттарға және күшті улы заттарға төзімді. Сонымен қатар, топ көп функциялы манипулятор кранымен жабдықталған, манипулятормен ауыр тиеу-түсіру жұмыстары, электр желісі тіректерінің астында қазаншұңқыр бұрғылау жұмыстары орындалады. Апаттық-техникалық топ табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда өзінің функционалдық міндеттерін орындауға дайын, - деді «ПЭТК» АҚ-ның Азаматтық қорғаныс жөніндегі маманы Игорь Ермолаев.
«Павлодарские тепловые сети» ЖШС-нің Солтүстік желілік ауданы бастығының орынбасары, жасақ командирі Сеил Кызылбаев 10 адамнан тұратын жедел әрекет ету тобын басқарды. Жылу желілері қызметкерлерінде сорғылар мен дәнекерлеу агрегаттары бар және қажет жағдайда жұмысқа дайын.
- Біздің отрядтың басты міндеттерінің бірі техногендік оқиға кезінде жылу желілеріндегі зақымдарды жою болып табылады. Оқу-жаттығуға біз «Валдай» техникасының 3 бірлігін, JVC экскаваторларын, КамАЗ ассенизатор машинасын және жылу машинасын әкелдік. Дайындыққа қарамастан, отряд жұмысындағы басты міндет туындаған жағдайларға жылдам жауап қату ғана емес, олардың туындауының алдын алу болып табылады, - деп атап өтті отряд командирі.
Қамданған қапы қалмайды
Оқу-жаттығуды өткізудің маңызды аспектілерінің бірі жергілікті тұрғындарды төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуге үйрету. Тұрғындар эвакуациялау жоспарларымен, алғашқы жәрдем негіздерімен таныстырылды.
Оқу-жаттығуларды өткізу - алдағы мүмкін су тасқыны кезеңіне дайындықты арттырудағы алғашқы қадам. Оқу-жаттығуларды өткізу ғана емес, сонымен қатар төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жоюдың қолданыстағы жүйесін жақсарту өте маңызды. Тұрақты жаттығулар өткізіп, іс - қимыл жоспарлары мен техникалық құралдарды жаңарту және жетілдіру, сондай-ақ ықтимал қауіптер мен қорғау тәсілдері туралы хабарларландыру деңгейін арттыру бойынша тұрғындармен жұмыс жүргізу қажет, - дейді мамандар.