Жаңа жыл – отбасылық мереке. Осы сән-салтанаты жарасқан мейрам қарсаңында компанияның шығыс кәсіпорнында қызмет ететін бір ерекше отбасы жайлы әңгімелеуді жөн санап отырмыз. Сергей Леонтьевич пен Надежда Анатольевна Голосовтармен сұхбаттасқаннан соң жаның жадырап, көңіл-күйің көтеріліп сала береді.
Әдебиет классигі Лев Толстойдың «Барлық бақытты отбасылар бір-біріне ұқсас келеді» деген мәңгі өлмес сөзі бар. Алайде кйе-кейде бұл пікірмен дауласқың келеді, әрбір отбасы өзінше бақытты деп. Міне, ұзақ жылдар бойы махаббат пен келісімде өмір сүріп келе жатқан Голосовтар отбасы да өздеріне ғана тән ерекше құпияға ие.
Сергей Леонтьевич – Павлодардың тумасы: осы жерде дүниеге келген, осы жерде ер жеткен. Оның ата-анасы энергетика саласына қатысы жоқ адамдар, өзі де бала күнінде болашақ мамандығы жөнінде көп ойлана қоймаған екен. Оның өмірін энергетика саласына бір ғана оқиға бұрып жіберіпті. Бозбала күнінде Сергейдің әкесінің жақын досы бұларды енді ғана салынған «Промышленная» қосалқы станциясына экскурсия жасауға ертіп апарады. Міне, осыдан кейін Сергей өз таңдауын жасап, 1977 жылы Индустриялық институтты «Электр желілері және жүйелері» мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Сергей мен Надежда студент күндерінде-ақ отау құрған. Олардың танысуы да – өз алдына қызық оқиға. Сергейді досымен бірге қыздар қонаққа шақырады. Мақсат – Сергейді үй иесі – ару қызбен таныстыру болады. Алайда Сергейдің көзі үй иесіне емес, қонақ қызға түседі. «Оның мына қара көздеріне ғашық болмау мүмкін емес еді» дейді Сергей адал жарына асқан махаббатпен көз тастап. Міне, Голосовтар отбасының тарихы осылай басталған. «Соңғы курста оқып жүргенімізде мен үш айға әскери тапсырмамен кеттім, ал келгенімде келіншегім мені екеу болып күтіп алды. Ольга қызым дүниеге келген еді. Ал 5 жылдан соң қатарымызға ұлым Денис те қосылды».
Бұл уақытта Сергей Леонтьевич еңбек жолын энергетика саласында бастап кеткен де болатын. Екі жыл өзінің осы салаға келуіне себепші болған «Промышленная» қосалқы станциясында қызмет етсе, кейін Павлодар ауданына ауысып, 1980 жылы инженер, ал 1983 жылы қосалқы станцияның бастығы болды. Кәсіби өсудің әр сатысына жеке-жеке тоқталмай, шыңына бір шықсақ, 2010 жылдан бері Сергей Голосов – «ПЭТК» АҚ электр жүйелерінің Шығыс кәсіпорнында бас инженер болып қызмет етеді. Оның жұбайы Надежда Анатольевна – техник, ал қызы – Электр энергиясын тарату және бақылау басқармасы директорының орынбасары. Бұл әулетте энергетика саласына бет бұрмаған жан – Сергей мен Надежданың ұлы ғана, ол бала күнінен биология саласына қызығып, Томск мемлекеттік университетіне оқуға түскен. Алайда бүгінде басқа сала бойынша қызмет етіп жүр. Денис пен Ольга мектепті алтын медальмен бітірген. Бұған таң қалуға да болмайды, өйткені мұндай ата-ананың балалары оқуда да, еңбекте де жоғары биіктен көрінбеуі мүмкін емес. Десе де, Голосовтар отбасы өздерінің ең басты табысы ретінде немерелерін атайды. Немеренің үлкені Алена – 13 жаста, ал кішілері Ваня мен Миша – 5 және 2 жаста.
Голосовтар отбасының жұмыстан басқа уақыттары да ерекше көңілді өтеді. Саяжайдың жұмысы, аңға шығу, балық аулау, саңырауқұлақ теру – бәрі-бәрі көңіл сергітетін шаруалар.
«Әрине, бұрынғыдай аңға шығып, қанжыға майлаудың сәті күнде түсе бермейді. Жаңа жылдық дастарханға қазды бүгінде дүкеннен сатып алуға тура келеді. Алайда балық аулауға еш кедергі жоқ. Тіпті, жаздан гөрі қыстыгүні балық аулауды жаным көбірек сүйеді. Ойылған мұз астынан қармағыңа ілінген балықты шығарудан асқан ерекше сезім жоқ шығар» дейді Сергей. Алайда Надежда болса, күні бойы қармаққа телміріп қарап отыратын балықшылардың кәсібін түсінбейтінін айтады. «Мен балықшы үшін нашар әйелмін» деп күледі өзі. Десе де, қызықпағанымен, оның да салған қармағы балықсыз шықпапты. Тіпті, әккі балықшылардың өзі Надежданың қайықты шебер есуіне таңырқасып қайтқан екен. Алайда Надежда балық алуға күнде бара бермейді, сондықтан Сергейдің серігі көп ретте, немересі Алена болады. Балықшы әке бізге Аленаның өзі аулаған балықтарымен бірге түскен суреттерін көрсетіп бір мақтанып алды. Әке мен қыз өзенге аттанғанда, Надежда үйде қалғанымен, іші пыса қоймайды. Ол аталарынан мұраға қалған саяжайға аттанып, көкөніс, жеміс-жидек, гүлдер теріп қайтады.
«Мен өсімдіктерді олар жылдың төрт мезгілінде де жайқалып тұратындай етіп таңдаймын, – дейді Надежда. – Жазда саяжайда жұпар шашып тұрса, қыста терезе алдында сән береді. Мұның өзіндік эстетика жағы бар, гүлдер ғана емес, олардың жапырақтары да әдемі, жұпарлы болуы қажет». Саяжай жұмыстары бітсе, Голосовтар саңырауқұлақ теруге аттанады. Әлбетте, мұның бәрі оңай шаруа емес, дегенмен, бәрі бірге, бір отбасы болып жұмылса, алынбайтын қамал жоғын біледі олар. Міне, дәл осы – Голосовтар отбасы бақытының басты құпиясы.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ
Қоғаммен байланыс бөлімі