Павлодар облысы өзінің болжап болмайтын климатымен ерекшеленеді. Ыстық жаз нөсер жаңбырмен ауысып, ал қыста термометрлердің бағандары -10°-тан -40° аралығында ауытқуы мүмкін. Тек бір нәрсе ғана өзгеріссіз қалады: Ертіс өңірінің әрбір тұрғыны суық мезгілде үйлерінің жеткілікті жылытылып, жылумен қамтамасыз етуде іркілістер болмай,  шүмектерден ыстық су аққанын қалайды. Қыстың қамын жаз ойла демекші, жылу желілері қызметкерлері магистральдік және орамішілік желілердің дайындық және жөндеу жұмыстарын жүргізуде, сынақтан кейін анықталған ақауларды түзетіп, тозығы жеткен желі учаскелерін жаңаларына  ауыстыруда. Алайда жылыту маусымына дайындық - бұл ұжымдық жұмыс екендігін ұмытпау маңызды, әр пәтер иесі  жылуды қабылдауға өз үйін, пәтерін, бөлмелерін дайындау қажет.

***

Келесі жылыту маусымына дайындықты қашан бастау қажет? Дайындықты жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден бастау қажет. «Павлодарские тепловые сети» ЖШС жылу инспекциясы бастығы Виктория Чешко атап өткендей, мамандар дайындық іс-шараларын өткізудің регламенті, үдерісі және маңыздылығы туралы бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және кондоминиум объектілерін басқару органдары арқылы үнемі ақпарат береді.

«Үйлерді жылыту маусымына дайындау бойынша техникалық талаптар бар. Бұл бөлмелерді жылуды қабылдауға дайындау үшін тұтынушылармен орындалуы тиіс барлық қажетті шаралар жазылған нормативтік-техникалық құжаттама. Осылайша, міндетті түрде ішкі жылумен жабдықтау жүйесін жуу, сығымдау, жылу торабына, су жылытқышқа, сыртқы жылу желісіне гидравликалық сынақтар жүргізу (болған жағдайда), сондай-ақ есептік дроссель құрылғыларына бітеме салуды орындау қажет. Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін тұтынушылар не істеу керектігін анық білуі үшін бақылаушылар бұл талаптармен кондоминиумдарды басқару органдарының  (ПИК, МИБ, ҚС) төрағаларын, жекеменшік сектор үйлерінің иелерін, заңды тұлғаларды, әлеуметтік объектілердің басшыларын таныстырады», - деп баяндады Виктория Чешко.

Мамандар дайындық шараларын жүргізу алгоритмі туралы еске салды. Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бекіткіш арматураны, құбырдың саңылаусыздығын тексеріп, ішкі гидравликалық сынақтар  (алдымен өздігінен, кейін – жылу инспекциясы бақылаушысының қатысуымен) жүргізу қажет. Тек осы әрекеттердің барлығынан кейін ғана бақылаушы жууға, гидравликалық сынақтарға аралық актілерді береді. Актіні алғаннан кейін ПИК басшысы немесе жекеменшік үйлердің иелері жылу торабының жағдайын көзбен шолып тексеретін және манометрлерді тексеретін шеберді шақырады. Ескертулер болмаған жағдайда үйге / әлеуметтік объектіге дайындық актісі ұсынылады. Құжатты жылу инспекциясына тапсыру қажет, тексеруден кейін тұтынушыға ресми куәландырылған акт беріледі, онда тұтынушы жылыту маусымына толығымен дайын екендігі көрсетіледі.

            ***

            Бүкіл дайындық үдерісі ойлағандай күрделі емес екенін түсінуге болады. Барлық алгоритмдерді уақытылы және нақты орындау жағдайында 100 пайыздық дайындыққа мүмкіндігінше қысқа мерзімде қол жеткізуге болады. Павлодарда үйлер мен үй-жайларды жылыту маусымына дайындау жағдайы қалай?

            «Әлеуметтік объектілер (балабақшалар, мектептер, оқу орындары, ауруханалар) әдетте әрқашан 100% дайындалады. Көпқабатты тұрғын үйлерде де айтарлықтай қиындықтар жоқ. Бірақ,  қызмет көрсететін ұйымдары жоқ жеке үйлер бар, ондағы жағдай қиынырақ: олар жылу қабылдауға дайындалмайды. Олардың үйішілік жылыту жүйесінде зақымдар болып, сәйкесінше олардың бекіткіш арматурасы саңылаулы болуы мүмкін, бұл ақауды жою үшін олар оны жаба алмайды. Жылыту жүйесін жуу да өте маңызды, ол жүйені ластанудан, тоттан, мазуттан тазарту үшін қажет. Егер құбыр бітеліп қалса, жылу батареяларында жылу болмайды, бұдан соң тұтынушылар бізге шағым бере бастайды», - деп атап өтті «Павлодарските тепловые сети» ЖШС жылу инспекциясы бастығы Виктория Чешко.

            Мамандар сонымен қатар жылу қабылдауға төмен немесе нөлдік дайындық жағдайында, белгілі бір үйдің тікелей тұрғындары ғана зардап шекпейтіндігіне назар аударады. Режимді бұзу салдарынан көршілес үйлерде де суық болады, бұл үлкен мәселе болып табылады.

            Жалпы көпқабатты үйлердің көпшілігінде жылыту маусымына бірқатар дайындық шаралары өткізілді. Барлық қажетті іс-шаралар аяқталғаннан кейін оларға дайындық актілері беріледі.

Әлеуметтік объектілерден 55 балабақша, 22 мектеп, 47 оқу орны, 28 емдеу мекемесі жылу қабылдауға дайын. Жылу маусымына ең нашар дайындалу деңгейін жекеменшік үйлер иелері көрсетуде - 4 904 үйдің тек 73-і немесе 1,5%-ы дайын. Заңды тұлғалармен жағдай біршама жақсырақ - 187 субъект немесе 8,7% дайындық актілерін алды.

            ***

            Кейбір тұтынушылар үйішілік жүйенің дайындығының жоғары деңгейіне және ПИК-те дайындық актісінің болуына қарамастан сыртқы ауа температураның төмендеуімен пәтерлерінің де салқындайтындығына шағымданады. Тұтынушылармен жұмыс жөніндегі басқарма бастығы Галина Волкова кейде пәтерлердегі төмен температураның себебі басқа факторлар болуы мүмкін екендігіне баса назар салды.

            «Павлодар қаласында өткен ғасырдың 60-жылдары басында салынған үйлер өте көп. Уақыт өте келе бұл ғимараттар одан сайын тозады, бұл фактор қоршау құрылымдарының тозуы деп аталады. Елестетіп көріңізші, егер сіз жарты ғасыр бойы бір ішікте жүрсеңіз? Бұл салыстыру күлкілі болып көрінуі мүмкін, бірақ дәл солай біз тұратын үйлерге де қатысты. Бірнеше жыл бұрын Астанада қоршау конструкцияларының жылу модернизациясын жүргізу бастамаланды, Павлодарда бұл бастама әлі іске асырылған жоқ. Жылудың көп мөлшері тозған қабырғалар арқылы жоғалады. Адамдар: «бұрын үйміз жылы болатын, қазір әлдеқайда суық» дейді. Қала өсіп, кеңейіп келеді. Бүгінгі таңда нормалар, ҚНжЕ бойынша  +20-21° температура оңтайлы болып саналады», - дейді Галина Волкова.

            ***

            Үйлеріңізді, пәтерлеріңізді, үй-жайларыңызды суық мезгілге қалай дайындауға болады?

            - Дайындықты созбаңыз. Жылу қабылдауға жылыту маусымы аяқталғаннан кейін дереу қамдану қажет. Қыста кездескен барлық проблемалық мәселелерді ескеріп, оларды дереу түзетуге кірісу керек. Жылу желілері қызметкерлері  бөлмелерді жылу шығынына тексеруді ұсынады: саңылаулар, тесіктер, тозған қабырғалар, терезелер және тіпті кіреберіс есіктерді тексерген жөн. Жылу желілері мамандары пәтерлерді тексеру кезінде тепловизордың көмегімен бөлмедегі жылуды тіпті шамалы жарықтар өткізе алатындығына тұтынушылардың назарын аударды. Әлсіз жерлерді неғұрлым тезірек анықтасаңыз, оларды түзетуге соғұрлым уақытыңыз көп болады.

            - Кондоминиум объектілерін басқару органдарының өкілдерімен әңгімелесіңіздер. ПИК, МИБ, қарапайым серіктестіктер кәсіпқойлығы әрқашан жоғары деңгейде бола бермейді  және белгілі бір ұйымдар үйлердегі қиындықтар туралы біле тұра қажетті дайындық шараларын өткізуден әдейі бас тартатын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл жағдайда жергілікті тұрғындар өздерінің ПИК жұмысын бақылауда ұстап, тығыз қарым-қатынаста болып, алдағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы үнемі біліп отыруы қажет. «Павлодарские тепловые сети» ЖШС үй басқарушы ұйымдар жұмысын қадағалай алмайды, бірақ пәтер иелері кооперативінің жауапсыз атқарылған жұмыстары анықталған жағдайда  тұрғын үй инспекциясына, қалалық әкімшілікке тиісті шағымдар мен ұсынымдарды жедел жібереді.

            - Жылумен жабдықтау жүйесінің жобалық сызбасын бұзбаңыздар. Бұл жылы едендерді орнату, қосымша құрылғыларды, радиаторлардың қосымша секцияларын, лоджияларды жылыту, суық кірістірулерді және т. б. қосу арқылы жылу жүйесін кеңейтуге қатысты. Жылу желілері  тұрғындарды жылыту жүйелеріне тәжірибе жасамауға шақырады және ішкі жылыту жүйесіне араласу заңсыз қайта жоспарлауға пара-пар екендігін ескертеді.

            «Алдымен көршілеріңіз туралы ойланыңыз. Қосымша құрылғыларды орнату салдарынан осы жүйеде орналасқан көршілеріңіз жылудан айырылады. Екіншіден, радиаторларға қосымша секцияларды орнату - бұл плацебо. Қуаттар белгілі бір көрсеткіштерге есептелген және сол секциялар тиісті жылу бермейді, тек бітеліп, бүкіл жүйенің тозуын арттырады», - деп ескертті компанияның тұтынушылармен жұмыс жөніндегі бөлімінің бастығы Галина Волкова.

            - Радиаторларды үнемі шайып отырыңыз. Үйішілік жүйені жууға және сығымдауға қарамастан, өз пәтеріңіздің батареяларына да назар аудару қажет. Радиатор мен тікқұбыр арасындағы байланысқа Маевский шүмегін орнатқан жөн, бұл ауаны өршітуді жеңілдетеді.

            - Барлық ұсынымдар мен ережелерді ұстаныңыз. Жылыту маусымының алдында жекеменшік үйлердің кейбір иелері ысырмаларды ашып, жылуға тезірек қол жеткізуге асығады. Мамандардың айтуынша, Павлодар әкімінің қаулысына қарамастан бұл істе асығыстық танытпаған жөн. Барлық қажетті нормаларды нақты және сауатты орындау ғана бүкіл қаланы жылумен біркелкі жабдықтауға мүмкіндік береді және жабдықтың тозуын азайтып,  проблемалық жағдайларды болдырмайды.