Ауғанстандағы соғыс – бүгінгі ұрпақ үшін өте ерте заманның тарихы іспеттес көрінер. Ал шындығында уақыт өлшемі тым алыс та емес, сол оқиғалардың қатысушылары – біздің арамызда өмір сүріп, қызмет жасап жүр.
Жақында «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» біріккен кәсіподақ комитеті 3-ЖЭО 5 цехінің электромонтері Андрей Бойконы Ауғанстаннан Кеңес әскерінің шығарылғанына 25 жыл толуымен құттықтады. 1989 жылы 15 ақпанда Кеңес әскерінің соңғы колоннасы Ауғанстан аумағынан шығарылған болатын. Андрей Андреевич – сол әскери оқиғалардың тікелей қатысушысы.
Ауғанстанда Андрей Бойко 1986 жылдың қазан айынан 1989 жылдың ақпанына дейін қызмет етті. Бағлан провинциясындағы шекара әскерінің алтыншы мотоманеврлік тобы мемлекеттік шекараны қорғайтын бөлімшелерді күшейтуге арналған болатын. Топтың міндеті – шекара бұзушыларды іздеп, ұстау, әскерилер тарапынан жасалатын қарулы шабуылдар мен әрекеттерге тойтарыс беру және арнайы тапсырмаларды орындау.
– Әскери көліктерде біз жергілікті тұрғындарға арналған жүк тиелген транспорттарды алып жүрдік, олардың қауіпсіздігіне жауап бердік, – дейді Андрей Бойко. – Дәл біз орналасқан жер арқылы Кабулға бағыт алған жол өтеді. Күн сайын біз кем дегенде 5 рейсті шығарып салатынбыз.
Екі топқа бөлінген 140 адам. Кішігірім лашықтар. Бір жағында – әскерилер болса, екінші жағында өз жері мен үйі үшін күресіп жатқан жергілікті тұрғындар мен армия. Әрбірінің кеңес әскеріне деген көзқарасы әртүрлі.
– Соғысушы тараптар адам шығыны болуын қаламайтын, сондықтан да ашық қақтығыстар сирек болатын, – деп еске алады Андрей Андреевич. – Әскерилер ешқашанда ашық ұрысқа бармайтын. Әдетте бір жерден оқ жаудырғаннан кейін тағы 500 метр жерге мекен ауыстырып, тағы оқ атады. Біз колонналарды алып жүргенде дәл осындай оқтың астында қалатынбыз. Ең ұзақ ұрыс 6 сағатқа созылды, алайда ақыры ашық ұрысқа ұласқан жоқ. Дегенмен әскерилердің қару-жарағы сай, өздері ұрысқа әбден дайын болатын. Алайда бақытымызға орай, олар өз қолдарындағы қарудың күшін толықтай пайдаланған жқ. Мәселен, арнайы құрылғылардың орнына олар ракеталарды 12 вольттық аккумулятор батареяларынан ұшыратын. Тау арасымен жүргенде ауыр құрылғыларды алып жүру қиындық келтіретіндіктен, оларды өздерімен бірге алмайтын.
– Қауіп-қатер әрбір тас, әрбір шоқы астынан төнеді. Әрдайым бойымызды қорқыныш билеп тұратын, – дейді Андрей Андреевич. – Бірақ бәріне де бойың үйренеді екен. Сондықтан да біз соғыстан бөлек, бұл елдің қандай ерекше мемлекет екенін танып-білдік. Тау қары, ашық күн, хош иісті шөптері – ерекше әдеміліктің көрінісі. Жаныңды баурап алады.
Кеңес әскері Ауғанстан мен КСРО-ны байланыстырып тұрған әйгілі Термез үстіндегі Достық көпірі арқылы шығарылды. Андрей Бойко қызмет еткен арнайы топ болса, шекарадан заңсыз түрде, жергілікті әскерилердің шығарып салуымен бері өтті.
– Біз, павлодарлық 13 сарбаз әскерде бірге қызмет етіп, елге де бірге оралдық, – дейді әңгімесін қорытындылаған Андрей Андреевич. – Әскердегі бауырластықтан берік ештеңе жоқ. Біз бір-бірімізге туған бауырдай боп кеттік. Елге оралған соң да, қарым-қатынасымыз үзілген жоқ, күн сайын дерлік қоңырау шалып, хабарласып тұрамыз. Рас, бүгінде Павлодарда 5 сарбаз ғана қалдық. Кездескен сайын сол соғысты, қалай қызмет еткенімізді еске алысып тұрамыз. Өйткені Ауған соғысы – әркімнің жүрегінде өзінше орын алған. Біреу соғысқа тікелей қатысса, біреулер қалтарыста қалды. Біз секілді үшіншілер тобы өзімізге міндеттелген нақты тапсырмаларды орындадық. Десе де, бұл соғыс әрбіріміздің жадымызда мәңгіге ұмытылмастай сақталып қалды.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ қоғаммен байланыс бөлімі