Төлеудің қажеті жоқ. "ПЭТК" АҚ мамандары тұтынушылар үшін электрмен жабдықтау техникалық шарттарын тегін рәсімдейді. Бұл ақпарат компанияның ресми сайтында және әлеуметтік желілерде орналастырылған. Осы қызметті рәсімдеуге байланысты барлық құжаттарда қызметтің тегін екендігі жазылған. Бірақ сенім телефонына сенімгер тұлғалар техникалық шартты рәсімдеген кезде ақы алатындығы туралы хабарламалар келіп түсуде. Бұл заңсыз.
Тұтынушылар жалдаған сенімгер тұлғалар техникалық шарттарды рәсімдеу үшін ақы алу жағдайлары жиілеп кетті. Қарапайым тілмен айтқанда, олар тұтынушылар үшін техникалық шартты алуға байланысты барлық жұмыстарды орындайды. Олар заңды түрде әрекет етеді, нотариалды куәландырылған сенімхаттары бар. Сонымен қатар, белгілі бір тәжірибеге ие бола отырып, бұл адамдар барлық қажетті құжаттарды дұрыс толтырып, ұсынады. Бірақ, тұтынушы тек сенімгер тұлғаның жұмысы үшін ғана төлеуі қажет. Электр желілеріне қосылу үшін барлық рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу (өтінім, техникалық шарттар, баланстық тиесілілігін ажырату актісі және т.б.) тегін жүргізіледі.
Өткен жылы болған оқиғаны мысал ретінде келтірейін, - дейді қалалық электр желілері кәсіпорнының директоры Олег Клочков. - Маған бір әйел адам қоңырау шалып, "ПЭТК" АҚ-да саяжай үйінің техникалық шарттары неге соншалықты қымбат деп сұрады. Мен бізде техникалық шартты алу тегін деп жауап бердім, ол қатты таң қалды және бақ шаруашылығында осындай сенімгер тұлға техникалық шартты рәсімдеу үшін «ПЭТК» АҚ-на төлем жасау үшін 15000 теңгеден жинағаны туралы айтты.
Бұндай жалған сөздер кәсіпорынның беделіне үлкен зиян келтіреді. "ПЭТК" АҚ техникалық шарттарды немесе өзге де құжаттарды рәсімдеу үшін ешқашан ақы алған емес және алмайды. Әсіресе, бұл қызметкерлерге сыйақы беруге байланысты болса. "ПЭТК" АҚ қызметкерлеріне берілген кез келген сыйақы немесе сыйлық сыбайлас жемқорлық фактісі ретінде қарастырылады және қатаң түрде тыйым салынады. Алайда, сенгіш тұтынушылар мұндай адамдарға олардың жұмысы үшін де, "ПЭТК "АҚ-на төлем жасау үшін де, сонымен бірге "қызметкерлерге сыйақы беру" үшін де ақшаларын беруді жалғастыруда».
- Техникалық шарттарды және/немесе қорытындыны бергені үшін қандай да бір сыйақы талап етілсе немесе жобаның техникалық шарттарының талаптарын орындау үшін жұмыстарды жүргізуге белгілі бір компаниялардың ықпал етуі, сондай-ақ тұтынушыға қатысты өзге де құқыққа қайшы іс-әрекеттер фактілері туралы +7 (7172) 64-57-73 сенім телефонына немесе deb@energy.kz электрондық поштасына дереу хабарлауды сұраймыз - дейді "ПЭТК" АҚ ҚЭЖК бас инженері Владимир Медведев.
Тұтынушылар үшін толық және қадамдық ақпарат (жадынама) "ПАВЛОДАРЭНЕРГО" АҚ ресми сайтында "Техникалық шарттарды рәсімдеу және беру тәртібі" және "Электр желілеріне қосылу үшін техникалық шарттар туралы" бөлімінде ұсынылған.
Әрине, "ПЭТК" АҚ қызметтерінің тізімінде ақылы қызметтер де бар. Олардың тізімі монополияға қарсы комитетте бекітілген және әр көрсетілген қызмет үшін тұтынушыға түбіртек берілуі қажет. ТШ алу тәртібін бұзған немесе күмәнді ақпарат берген қызметкерлер ҚР заңнамасына сәйкес тәртіптік және материалдық жауапкершілік көтереді.