Ағымдағы жылдың алғашқы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі Жастар бастамаларын дамыту орталығында өтті. 44 ұйымның жұмыс берушілері жұмыс іздеушілерге 400-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Жәрмеңкеге «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» кәсіпорындарының өкілдері де қатысты.
Бос қызмет орындарының жәрмеңкесі - жұмыс берушілер мен әлеуетті қызметкерлердің өзара әрекеттестігінің ең кең таралған тәсілдерінің бірі. Сондықтан мұндай жәрмеңкелер оқу орындары алаңдарында, Тұрғындарды жұмыспен қамту орталығында, Жастар бастамалары орталығында үнемі өткізіледі. Биылғы жылы – бұл алғашқы Жәрмеңке. Жұмыс іздеушілерге бос жұмыс орындарын «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ, «Каустик» АҚ, «KSP Steel» ЖШС , «Алюминий Казахстана» АҚ сияқты облысымыздың ірі ұйымдары және коммерциялық ұйымдар ұсынды.
- «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» кәсіпорындарының өкілдері мұндай іс-шараларға әрдайым белсене қатысады, себебі энергетика саласында мамандарға деген сұраныс әлі де жоғары деңгейде. Сонымен бірге бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – жас қызметкерлерді, болашақ энергетиктерді, жоғары оқу орындары мен орта білім беру ұйымдарының студенттерін бұл салаға тартудың жақсы тәсілі - деп нақтылады «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ-ның қызметкерлер жөніндегі маманы Марина Перегуда.
Электронды еңбек биржасымен салыстырсақ, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі қызметкерлерге еңбек нарығында дұрыс бағыт тауып, жұмыс берушінің өкілдерімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
- Біз бүгінгі таңда жоғары сұранысқа ие мамандықтарды қарастырып, негізінен сол мамандықтарды иеленетін студенттерді шақырамыз – бұл педагогтер, энергетиктер, медицина саласының студенттері және т. б., - деп баяндады Жастар бастамаларын дамыту орталығындағы жастармен жұмыс істеу жөніндегі орталық басшысы Кабдраш Жандарбек Мухаметулы – мұнда әрбір жұмыс іздеуші ыңғайлы кесте, жалақы, тұрақтылық сияқты өзінің басымдықтарына сәйкес келетін жұмысты таңдай алады.
Бірінші сағатта жәрмеңкеге 200-ден астам адам қатысты. Негізінен, жәрмеңке қатысушылары – бұл қазіргі кезде әлі жұмыспен қамтылмаған түлектер, сонымен бірге осы жылы оқуын тәмамдайтын студенттер.
- Менің ойымша жәрмеңке жұмысқа орналасуға көп көмегін тигізеді. Мен биыл оқуымды бітіремін және бүгінгі күні жұмыс орнымды таңдадым, түйіндемемді ұсынып, болашақ жұмыс берушіммен сөйлестім – деп бөлісті 2023 жылғы түлек Регина.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ-ның кадр саясаты бағыттарының бірі компания үшін негізгі мамандықтар бойынша мамандарды даярлайтын оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынасты дамыту болып табылады. Бұл, ең алдымен, PROFENERGY жобасы аясында жүзеге асырылады. PROFENERGY жобасына қатысқан кешегі студенттердің көбі бүгінде «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» компаниялар тобының мамандары. Ал мансаптық өсуді көздейтін және тұрақты жұмысты іздеп жүрген тәжірибелі мамандар бос жұмыс орындары туралы толық ақпаратты жәрмеңкелерде және компанияның сайтында біле алады.