Бүгін Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев «Павлодарэнерго» АҚ-ның 3-ЖЭО-да болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда мұнда барлығы 12 техника бірлігі жұмылдырылған. Өндіріс ошағында күл шығару, күл үйіндісі ложасын жоспарлау, сусіңгіш жүйесі құрылғысын монтаждау жұмыстары қарқын алған.
Айта кетерлігі, ең ірі инвестициялық жобалар өткен жылы Павлодар 3 жылу электр орталығында жүзеге асырылды. Солардың бірі - № 5 станциялық Т-110 / 120-130 турбоагрегатын жоғары қысым цилиндрін және орта қысым цилиндрінің роторын ауыстырып, қуаттылығын 125 Мвт-қа арттырып, қайта құру жұмысы болып табылады. Биыл «Павлодарэнерго» АҚ 1,86 млрд теңгеге қосымша 2 қазандықты жөндеу жоспарға енгізілген. Бүгінгі таңда 3-ЖЭО-ның № 3 және № 6, № 5 станцияларының қазандығында жөндеу жұмыстары кестеге сай жүзеге асырылуда.
«Биыл қысқа дайындықты тексерудің жаңа тәсілі енгізілді. Қыстың көзі қырауда жылуға байланысты мәселе туындамас үшін көшпелі отырыстар жұмыс істейді. Ең бастысы, дайындық төлқұжатын алу емес, жабдықтардың қыстың қаһарына төтеп беретіндігіне көз жеткізу, жұмыскерлерді уақыты жалақымен қамтамасыз ету », - деді облыс әкім. Аймақ басшысының айтуынша, қысқа қамданған кәсіпорын кестеге сай жұмыс жасауда.
Еске сала кетейік, биылғы жылғы бірінші тамыздағы жағдай бойынша Павлодар облысы тұтынушыларының «Павлодарэнергосбыт» энергиямен жабдықтаушы ұйымының алдындағы берешегі 2,5 млрд теңгеден асқан болатын. Оның ішінде үш айдан асқан төлеу мерзімі 1606 млрд теңгені құрады. Әсіресе, Екібастұз қаласында тұтынушылардың қарызы 984 млн теңгеге жеткен. Осыған байланысты Қанат Бозымбаев бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғановқа берешегі бар борышкерлермен жұмысты күшейту үшін сот орындаушыларын тартуды тапсырды.