Павлодарда энергетиктер электр сымдарын жер астына көшіруде. Жекеменшік тұрғын үйлер орналасқан үш ауданда құрылыс тығыздығына байланысты тұрғын үйлер қауіпті электр желілерінің дәл астында қалды. Қауіпсіздік талаптарының бұзылуын жою мақсатында мамандар 10,5 километр электр желілерін жаңартып, қауіпті учаскелердегі электр сымдарын жер астындағы кабель арналарына көшіруде. Бұл электр энергиясымен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

​«Павлодар ЭТК» АҚ бас директоры Александр Глотовтың мәлімдеуінше, Ағаш зауыты шағын ауданындағы бұл жұмыстар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізілуде

​Қазіргі уақытта жұмыстар Ағаш зауыты, Екінші Павлодар және Шығыс шағын аудандарында орындалуда. Бүгінгі таңда энергетиктер 9,5 км жерасты кабелін төсеп үлгерді.  Сонымен бірге энергетиктер 3,3 км ескі жалаң сымды заманауи және қауіпсіз оқшауланған сымға ауыстыру және тарату құрылғылары бар жаңа трансформаторлық қосалқы станцияларды орнату жұмыстарын жүргізуде.

​​«Павлодар бойынша барлығы 7 жаңа қосалқы станция іске қосылады және трансформаторлары мен жабдықтарын ауыстыра отырып 7 станция толығымен жаңартылады. Төрт қострансформаторлы қосалқы станцияда күштік трансформаторлар ауыстырылды», - деп атап өтті қалалық электр желілерінің директоры Олег Клочков.

​Жаңғырту жұмыстары облыс аумағын да қамтыды. Баянауыл ауданында ұзындығы 15,6 км электр желісіндегі ескі сымдар заманауи оқшауланған СИП-3 сымына ауыстырылуда. Бұл ауданның 1 мыңға жуық отбасын және 100-ден астам кәсіпорнын электрмен жабдықтаудағы апаттар мен іркілістерден қорғауға мүмкіндік береді.

«Павлодар ЭТК» АҚ-ның бес жылдық жаңғырту бағдарламасы бойынша Павлодар облысының тұрғындарына көрсеткіштерді автоматты түрде жіберетін 25 мың «ақылды» есептегіш орнатылып, «Орталық қалалық» жаңа жабық қосалқы станциясы салынады. Бұл жұмыстар электр энергиясының кенеттен ажыратылу жағдайларын барынша азайту, энергия шығындарын төмендету және өңірдің электр желілерінің қауіпсіздігін арттыру мүмкіндігін береді.

Анықтама: Павлодар Электржелістік Тарату Компаниясы -  Қазақстанның 2 миллионнан астам тұрғынын энергиямен қамтамасыз ететін ірі жеке меншік энергетикалық холдинг ОАЭК  (Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы) холдингі құрамына кіреді.