«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ енгізген кернеулі жұмыстар технологиясы жөндеу жұмыстарын тұтынушыларды электр қуатынан ажыратпай жүргізу мүмкіндігін береді.  Нәтижесінде ауыл тұрғындары электр энергиясымен үздіксіз жабдықталып, жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы тіпті білмей де қалады. Компания мамандары бұл әдісті республикада алғашқы болып меңгерген. Қазір электр қуатын ажыратпай кернеу астында орындалған жұмыстардың жалпы саны 70-тен асты, оның ішінде 0,4 кВ желілерде – 56, ал 10 кВ желілерде – 15 жөндеу жұмыстары жүргізілді.  

​Кернеулі жұмыстар (КЖ) – жұмыс кернеуін ажыратпай, желінің тоқ өткізгіш бөліктерінде тікелей орындалатын пайдалану және жөндеу жұмыстарының кешені. Бұл озық технологияның дәстүрлі жөндеуден басты артықшылығы – техникалық шараларды орындау кезінде тұтынушыларды электрмен жабдықтауды толық сақтау.

КЖ енгізу ауқымды оқыту мен жаңғырту бағдарламасының нәтижесі. Технологияны меңгеру үшін «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ құрамына кіретін «Павлодар Электржелістік Тарату Компаниясы» («ПЭТК»)  үш электр монтерлері бригадасы Заинск (Татарстан) қаласында оқытудан өтті.

​2024 жылғы мамыр айында бригадалар 0,4 кВ желілерде кернеулі жұмыстар жүргізу технологиясын меңгерген. Бұл төмен кернеу, оған ауыл тұрғындарының үйлері қосылған. Жұмыстарды белсенді түрде 2024 жылғы қыркүйектен бастап жүргізе бастады. 

2025 жылғы мамыр айында компания қызметкерлері 10 кВ желілерде жұмыс істеуді үйренді – бұл тарату желілерінің орташа кернеуі, олар тұтастай ауылдар мен кенттерді электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді. 2025 жылғы тамыздан бастап «Павлодар Электржелістік Тарату Компаниясы» мамандары 10 кВ кернеулі жұмыстарды сәтті жүргізіп келеді.

​Бүгінгі күні «Павлодар Электржелістік Тарату Компаниясы» мамандары жоспарлы жұмыстар кезінде алған білімдерін тәжірибеде белсенді қолдануда. Жинақталған тәжірибе жыл сайын электр энергиясы ажыратылатын сағаттар санын азайту мүмкіндігін береді.

​​КЖ әдісі – компанияның энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту саясаты аясында тұтынушыларға қызмет көрсетудің сенімділігін, тиімділігін және сапасын арттыруға ұмтылысынан туған.

​«2024 жылға дейін жоғары вольтты желілерде кез келген жұмыстарды жүргізу үшін электр энергиясын толық сөндіру қажет болатын, бұл тұрғындар мен кәсіпорындарға уақытша қолайсыздықтар тудыратын.  Бүгін «Павлодар Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ үнемі 0,4 кВ және 10 кВ кернеулі жұмыстарды жүргізуде. Бұл тәсіл тұтынушылар үшін қолайсыздықты азайта отырып, үздіксіз электрмен қамтамасыз етуді қамтамасыз етеді», - деп түсіндірді «Павлодар Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ Жөндеу басқармасының бастығы Иван Миронец.

​​Үздіксіз электрмен қамтамасыз ету, әсіресе, ауылдық жерлерде аса маңызды, өйткені электр қуаты тіршілікті қамтамасыз етудің негізі болып табылады.

​«Біз ауылда тұрамыз және электр энергиясының ажыратылмауы біз үшін өте маңызды, өйткені үйлердің көбінде ұзақ жанатын қазандықтар, айналым сорғылары бар, сондай-ақ су ұңғымалар мен құдықтардан электр сорғылар арқылы жеткізіледі. Байланыс пен интернет – мұның барлығы электр энергиясына байланысты. Фермаларда және жеке қосалқы шаруашылықтарда электр қуаты сауу аппараттарының, құс пен сиыр қораларындағы желдету және жылыту жүйелерінің жұмысы, жем-шөп цехтарының жұмысы және жануарларға су беру үшін қажет», - деп бөлісті Кенжекөл ауылының тұрғыны Сағынбек Найманов.

​​Үздіксіз электрмен жабдықтаудан басқа, кернеулі жұмыстар жабдықтың тоқталысы салдарынан болатын экономикалық шығындарды азайтуға және жөндеу жұмыстарының қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

​Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін компания арнайы қорғаныс құралдарын және оқшаулағыш буындары бар заманауи Altec гидравликалық көтергішін сатып алды.

​«Кернеулі жұмыстарды орындағанда барлық жауапкершілік өзіңде екенін түсінесің. Біз қауіпсіздік техникасының барлық ережелерімен таныстық және жұмыстарды орындау кезінде оларды қатаң сақтаймыз. Жұмысты аяқтап төменге түскеннен кейін бір-бірімізбен қол алысып, тағы бір жұмысты сәтті аяқтағанымызды атап өтеміз. Мен өз жұмысымды және мамандығымды мақтан тұтамын», - дейді «Павлодар Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ электр монтері Самат Исабаев.

​Кернеулі жұмыстар технологиясын енгізу «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ-ның желілерді жаңғырту, әлемдік стандарттарды қолдана отырып, Павлодар облысын электрмен жабдықтаудың сапасы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытын растайды.