17 шілде күні «Павлодарэнергосбыт» ЖШС жария тыңдауда электр энергиясын өткізу бағасының өзгеруі туралы баяндама ұсынды. Жария тыңдау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті алаңында өтті.
«Павлодарэнергосбыт» ЖШС бас директоры Талгат Аргинов тыңдаушылар назарына электр энергиясын бөлшек саудада өткізу бағасының өзгеруі туралы баяндамасын ұсынды. Тарифтің 1 кВт/сағ үшін 7,48 теңгеге ұлғаюын компания жеткізушілерден электр энергиясын сатып алу бағасының, энергия беруші кәсіпорындардың тарифтерінің өсуімен, бөлшек саудада өткізу шығындарының ұлғаюымен, қызметкерлер жалақыларының бәсекеге қабілетсіздігімен, сондай-ақ басқа да ілеспе шығындармен байланыстырады. Тыңдауға қатысқан қоғамдық ұйымдар мен кондоминиум объектілерін басқару органдарының өкілдері баяндаманы тыңдап, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын енгізді.
Енді ҚР ҰЭМ ТМРК-нің Павлодар облысы бойынша департаменті «Павлодарэнергосбыт» ЖШС ұсынған барлық деректерге сараптама жүргізіп, үкімін шығарады.