Өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін бильярд еліміздің спорттық тарихынан тыс қалып келген болатын. Ал бүгінде бұл ойын кеңінен танымал. Халқымыз тастаяқ атайтын ерекше спорт түрі әуесқойларының қатарында энергетиктер де жетіп-артылады екен. Таяуда «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ-на қарасты кәсіпорын қызметкерлері арасында бильярдтан жарыс өтті.
«Американка» тәсілімен ойынға сегіз команда іріктеліп шықты. Бұл ойын түрінің ережесі қарапайым. Пирамида түрінде орналастырылған 15 шар бұзылған соң кез-келген шарды ұрып, өзге шарды торға түсіру арқылы ұпай жинау керек. Шарды торға түсірген ойыншы тағы бір мәрте шар ұруға құқылы. Осылайша, торға сегіз шар түсірген адам сайыстың жеңімпазы болып танылады. Бір қарағанға, үнсіз, тыныш ойын көрінгенімен, бильярд үстелінде нағыз тартысқа толы тайталас өрбіп жатады.
Командалық есепте бірінші орынды «ПЭТК» АҚ тастаяқшылары иеленсе, екініш орынға –
«Павлодарэнергосбыт» ЖШС, үшінші орынға – «САЭМ» ЖШС командалары тұрақтады. Жекелей сында ең үздік ойыншы болып Александр Мельников («ПЭТК») танылса, екінші орынды Дмитрий Аксенов («Павлодарэнергосбыт»), үшінші орынды Ерлан-Фараби Жаңатаев («ПЭТК») иеленді. Жеңімпаздар «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» бірлескен кәсіподақ ұйымының атынан нрамоталар мен сыйлықтармен марапатталды.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ қоғаммен байланыс бөлімі