Ауа райы жылынғаннан бастап, «Павлодар жылу жүйелері» ЖШС жалпыүйлік жылу энергиясы есептегіштерін орнатуды қайта бастады. Өткен жылы 70 есептегіш орнатылған болатын. Тарифтік смета аясында 2014 және 2015 жылдардың әрбірінде тағы 100 есептегішті орнату жоспарланып отыр. Алайда үйде есептегіш орнату үшін ПИК жылу энергетиктерімен келісімшартқа отыруы қажет. Ал олар болса, бұған асығар емес.
Жалпыүйлік жылу есептегіш құралдарын орнату шығыны тез-ақ өтеледі. Бұған өткен жылу беру маусымынан бұрын үйлеріне есептегіш құралдарын орнатқан тұрғындар куә болды. Алайда павлодарлықтар негізінен, есептегіш құралының 400-750 мың теңге көлеміндегі бағасына байланысты оған қауіппен қарайды.
Бүгінде «Павлодар жылу жүйелері» ЖШС инвестициялық бағдарлама, тарифтік смета аясында сатып алып, орнатуда.
– Бұл үшін көп нәрсе қажет емес, – деп әңгімелейді «Павлодар жылу жүйелері» ЖШС тұтынушылармен жұмыс жасау басқармасыны бастығы Галина Волкова. – Тұрғындардың жалпы жиынында сайланған кондоминиум өкілі бізбен келісімшартқа отырып, біздің қызметкерлердің үйдің төменгі қабатына енуіне рұқсат береді. Біз есептегіш құралын орнатып, техникалық қызмет көрсетеміз. Есептегіш көрсеткішін тіркеп, кейін тексеру уақыты келген сайын тексеріп отырамыз. Ал жылу есептегішінің қауіпсіздігіне тұрғындардың өздері жауапты болады.
Айта кету керек, мемлекет тұрғындарды жылу есептегіштерін орнатуға ынталандыру үшін есептегіш орнатқан үй тұрғындарына тарифті өзгелерден екі есе төмен етіп белгілеп берді. Есептегіш орнатудың әсері тұрғындар энергия үнемдеу шараларын іске асырса, тіптен де күшейе түсетін болады. Ол үшін подъездке есік, терезелер орнатып, астыңғы қабатты, үйдің жалпы жылу және ыстық су жүйелерін тексеру қажет. Сондықтан бірінші кезекте есептегіштер ПИК адал жұмыс жасаған үйлерде орнатылуда.
Биылғы жылы тарфтік сметаға 100 есептегіш құралын орнату кіргізілген. Демек, бұл павлодарлықтарда өз қаражаттарын үнемдеп, есептегішті тариф есебінен орнату мүмкіндігі туып тұр деген сөз. Орнатылатын есептегіш құралдары – жалпыүйлік болып табылады. Мұндай есептегіштер үй не бүкіл подъезд тұтынған жалпы жылу мөлшерін есептейді.
– Бүгінде Павлодарда көпқабатты үйлердің 11 пайызы мен жеке тұрғын үй секторының 22 пайызы қамтылған, – дейді Галина Волкова. – Жылу беру маусымдары арасында біз жылу тасығыштар мен жылу энергиясы есебінің барлық нүктесінен ақпаратты компьютерімізге жіберіп отыратын құралды орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл жағдайда есептегіш көрсеткішін қолдан өзгерткісі келетіндердің жолы кесіліп, жылу тасығыштың жұмысы толық бақылауға алынады.
Бұрындары көпқабатты үйлерден «Бұл біздің үйіміз – біз оған қорған боламыз» сынды плакаттарды жиі көруге болатын. Бұл ұрандар бүгінгі күнде де маңызын жойған жоқ. Ең бірінші кезекте үйлерінің жылы, жарық, таза болуына сол үй тұрғындары жауапты.
Алена Калинка