«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ ардагерлері Мичурино ауылында бас қосып, қатар келген екі атаулы мереке – Энергетиктер күні мен Жаңа жыл мейрамын салтанатпен атап өтті.
Бұл күні ардагерлерді әріптестері мен достары жылы лебіздермен баурады. Ал басшылық тарапынан компанияның істер басқарушысы Кристина Карпович құттықтау сөзін арнады. Сондай-ақ арадегрлерге арналған мұндай жылы лебіздерді «ПЭТК» АҚ электр энергиясын тарату жөніндегі вице-президенті Геннадий Сокуренко, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ біріккен кәсіподақ комиссиясының төрағасы Василий Ермолаев, «ПТС» ЖШС қызметкерлермен жұмыс бөлімінің бастығы Марина Сарычева, «ПЭТК» АҚ электр энергиясын тарату және бақылау басқармасының бастығы Балтабек Төлеубаевтың да аузынан естідік. Олар ардагерлерге ұзақ өмір, сарқылмас қуат тілеп, бай тәжірибелері мен баға жетпес еңбектеріне алғыс білдірді, олардың салған сара жолын лайықты түрде жалғастыруға уәде берді.
Мерекелік дастархан басына жайғасқан ардагерлер бір-бірін құттықтап, жастық шақтағы қызмет жылдарын сағына еске алысты. Сүйікті әндерінің ырғағына билеп, ән шырқап, әрбір концерттік қойылымды ду қол шапалақпен қарсы алған олардың қуанышы ерекше болды. Кеш бойы салтанат залын жағымды күлкі мен көтеріңкі кқңіл-күй билеп тұрды.
Әлбетте, жаңа жыл мерекесін Аяз ата мен Ақша қарсыз елестету мүмкін емес. Сыйлық толы дорбаларын арқалаған олар біздің ардагерлерді де құттықтауға келді. Оларға сый-сияпат үлестіріп, түрлі ойындар ойнатқан Аяз ата ардагерлерге шаттық сыйлады. Кеш қонақтарының бәрі де ұйымдастырушыларға шексіз алғысын жеткізіп, мұндай шаралардың ерекше маңызын атап өтті. Ардагерлер қашан да құрметке лайық, олардың көп жылғы адал еңбегіне бәріміз де бас июге тиіспіз.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ
Қоғаммен байланыс бөлімі