«AMANAT» партиясы жанындағы энергетика комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ-на жұмыс сапарымен келді.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Вадим Лесин мен станция директоры Игорь Гринев мәжіліскерді 3-ЖЭО – ның қазіргі көрсеткіштерімен таныстырды, сондай-ақ ауқымды жобаның – екінші түтін құбыры құрылысының іске асырылу барысын көрсетті.
Сонымен қатар, станцияның жұмысшылары депутатпен сөйлесу мүмкіндігіне ие болды. Энергетиктер мәжіліскерге өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойды, сондай – ақ саланың негізгі проблемасы - жалақының төмендігі туралы хабарлады.
«Бұл өте маңызды және өзекті мәселе, ол әлі шешімін таппады, дәл осы себептен энергетика саласынан кадрлардың жаппай кетуі орын алуда, біз онымен міндетті түрде жұмысты жалғастыратын боламыз», - деп мәлімдеді Дүйсенбай Тұрғанов.
Станциядан кейін мәжіліскер «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ офистік ғимаратында болып, қаланың энергетикалық кәсіпорындарының қызметкерлерін тыңдады. «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» энергожүйесі қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Балтабек Төлеубаев сала қызметкерлерінің басқа да маңызды проблемаларын атап өтті, атап айтқанда: әлеуметтік пакеттің болмауы және зейнетақы жасы.
«Энергетиктер үшін, әсіресе әйелдер мен ауыр жұмысты атқарушылар үшін зейнеткерлік жасты төмендету де өте маңызды мәселе. Қазір үкіметте әлеуметтік кодекс әзірленуде, оған сәйкес бірқатар өзгерістер енгізілуі мүмкін, менің ойымша, бұл қызу пікірталастарға алып келеді, сондықтан біз бұл жұмысты энергетиктердің мүддесі үшін байыппен қолға алуымыз керек», - деп қорытындылады мәжіліскер.