«Соғыс балалары» альбомының тұсаукесері «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ Ардагерлер кеңесінің өміріндегі мәнді де маңызды оқиға болды. Альбом балалық шағы қиын соғыс уақытында өткен адамдарға, бала болса да, зауыттар мен фабрикаларда, ауыл алқаптарында жұмыс істеген, окоп қазған және неміс оккупациясында болған адамдарға және Павлодардың Ертіс өңірінің энергия объектілерінде айбынды еңбек еткендерге арналған.
Қалалық ардагерлер Кеңесінің залында мерекеге шақырылған ардагерлер ұйымының белсенділері облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Абылай Өкешұлы Жантөрин, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенже Сәдуақасұлы Кеңесбаев, қаланың шағын аудандарының ардагерлер ұйымдарының төрағалары және естеліктері альбомда жарияланған энергетика ардагерлері жиналды.
- Бүгінде соғыс жылдарында дүниеге келген балалар әлдеқашан қартайған, сондықтан әрбір осындай әңгіменің өзіндік құндылығы мен ерекшелігі бар. Алты-жеті жастағы балалар ересектермен қатар ауыр жұмыс жасады, жеңіс жолында қиыншылықтардан, аштық, суықтан өтті деп елестету қиын, - деп тұсаукесерді ардагерлер кеңесінің төрағасы, альбом жасаудың бастамашысы Нина Кузьминична Мироненко ашты.
Александра Горлованың естеліктері соғыс уақытының шындығымен таң қалдырады. Жасөспірім кезінде, көктемде колхозда жер жыртқан кезде, ол трактор алдында шам ұстап жүгіруге мәжбүр болды. Таңсәріге дейін бригадир терезені қағып, жасөспірімдерді жұмысқа әкетіп отырды. Қатты суықтан тісі-тістеріне тимейтін, аяқтары қатып қалатын. Бірақ ешкім шағымданбады, жұмыстан бас тартпады. Барлық үй жұмыстарын - бақшаны арамшөптен тазарту, масақ теру, одан ұн тартып, жұқа нан пісіруді де өздері жасады.
Валентина Васильевна Бурматова өзінің естеліктерімен эмоцияға беріліп әсерлі түрде бөлісті. Балалық шақта оның басына көптеген қиындықтар мен сынақтар түсті: аштық, суық және балалардың қолынан келмейтін жұмысты жасау. Бірақ барлық жоқшылыққа қарамастан, ол аман қалды. Ең бастысы, соғыстың аяқталғаны туралы жаңалықты естігенде қатты қуанды.
Валерий Владимирович Монаков та өзінің өмір тарихын тебірене отырып әңгімелеп берді. Балалық шағының естеліктерін ол өлең түрінде баяндады, әрбір өлең жолдарынан оның жүрегіндегі қайғы-қасіретті сезінуге болады. Нәресте кезінде неміс офицері оны ауыр жарақаттап, омыртқасына зақым келтірген.
Валерий Владимировичтің ақындық дарыны бар және ол өмірінің көп бөлігін өлеңмен айтады. Өзінің бірнеше өлеңдерін шабыттана оқып берді.
Соғыс жылдарында балалардың еңбегі баға жетпес пайда әкелгені даусыз. «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» ұраны әркім үшін өз өмірінен жоғары болды. Соғыстан кейінгі жылдар да оңай болған жоқ. Олардың ұрпақтары елді қирандылардан қалпына келтіруге мәжбүр болды. Ешкім жеңіл өмір іздемеді, комсомол жолдамасымен келіп, зауыттар мен фабрикалардың құрылысында жұмыс істеді, тың жерлерді игерді, ең бастысы – бейбіт өмірге қуанды.
Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Абылай Өкешұлы Жантөрин қалалық ардагерлер ұйымдары арасында тәжірибе таратуға және үлгі тұтуға арналған жұмыстарына жоғары баға берді. Ол ардагерлерді Жеңіс мерекесімен құттықтап, ардагерлер қозғалысының өзекті мәселелерін шешуде табыстар тіледі, сондай-ақ өзіне сыйға тартылған «Соғыс балалары» альбомы үшін алғыс айтты.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ
Ардагерлер кеңесінің мүшесі