Павлодар электржелістік тарату компаниясының электр монтерлер бригадасы Қазақстанда алғаш рет электр желісінде жұмыстарды кернеуді ажыратпай жүргізді.
Жаңа жоғары технологиялық әдіс тұтынушыларды электрмен үздіксіз жабдықтай отырып, қажетті жұмыстарды жүргізу мүмкіндігін береді.
Павлодар облысы Мичурино ауылында 0,4 киловольт электр желісі тіректеріндегі оқшаулағыштарды ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Бұрын мұндай көлемді жұмыстар үшін электр энергиясын кем дегенде 4 сағатқа ажырату қажет болар еді.
Қолданыстағы жабдықта жұмыс істеудің заманауи әдісін енгізу үшін Павлодар электржелістік тарату компаниясының қызметкерлері Казань қаласында оқытудан өтті. Павлодар энергетиктері емтихан тапсырып, Татарстан Республикасының энергетиктерімен бірге тағылымдамадан өтті, кернеуді ажыратпай 1000 вольтке дейінгі электр желілеріндегі жұмысқа рұқсатнама сертификаттарын алды.
Бүгінгі таңда компанияда 0,4 киловольт кернеулі жұмыс технологиясын меңгерген электр монтерлердің дайындалған екі бригадасы бар.
Энергетиктер электр беру желілеріндегі кернеулі жұмыстарды орындауды 10 киловольтқа дейін кеңейтуді жоспарлап отыр, бұл кернеуі ажыратылатын тұтынушылар санын едәуір қысқартады.
«10 киловольтке дейінгі әуе желілеріндегі жұмыстар үшін персоналды оқыту жоспарлары бекітіліп қойды. Бұл электр желілерін пайдаланудағы маңызды кезең, себебі мұндай жұмыстардың қауіпсіздігі мен тиімділігі жұмысшы бригадалардың біліктілігіне тікелей байланысты. 10 киловольтке дейінгі кернеулі жұмыстарды орындау үшін қажетті мамандандырылған жабдықты сатып алу іске асырылуда - бұл оқшаулағыш буыны бар автогидрокөтергіш және арнайы құралдар. Қазіргі уақытта елімізден тыс жерлерге шықпай-ақ персоналды оқыту және жаттықтыру үшін оқу-жаттығу орталығының құрылысы жобасы әзірленуде, бұл мамандарды даярлау сапасын арттырып, кадрларды даярлауға жұмсалатын уақыт пен қаржылық шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Жабдықтар мен қызметкерлерге салынған инвестициялар - кернеулі жұмыс технологиясын сәтті енгізудің қажетті шарты болып табылады», - деп баяндады «Павлодар ЭТК» АҚ бас директоры Александр Глотов.
Мамандар жұмыстың бұл түрі - жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізудің кезекті тәсілі ғана емес, Қазақстан энергетикасы дамуының жаңа кезеңі екенін атап өтті. Кернеулі жұмыстарды жүргізу технологиялары үнемі жетілдірілуде, бұл технологияларды қолдану Павлодар энергетиктеріне Қытай, Ресей, Жапония, Канада және басқа елдердің энергетиктерімен қатар тұру мүмкіндігін берді.