Павлодар облысында 2022-2023 жж. жылыту маусымы аяқталды. Биыл Павлодардың жылу желілері қызметкерлері облыстық орталық тұрғын үйлерін тұрақты жылумен қамтамасыз етіп, апаттық жағдайлардың алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Жылыту маусымы аяқталғаннан соң "Павлодарские тепловые сети" ЖШС қызметкерлері жылу желілерін жөндеуге шығару алдында оларды сынақтан өткізуге кірісіп кетті.
Павлодар қаласы әкімдігінің қаулысы жылыту маусымын бастау немесе аяқтау үшін негізгі құжат болып табылады. Ағымдағы жылыту маусымы 2022 жылғы 15 қыркүйек күні ресми ашылды. Сол кезде Павлодар қаласының жылу желілері қызметкерлері қаланың әлеуметтік объектілері - ауруханаларға, мектептерге және т.б. жылу бере бастаған болатын. 2022 жылғы 22 қыркүйектен бастап жылуды тұрғын үйлерге бере бастады. Жылыту маусымы “Павлодарские тепловые сети” ЖШС мамандары үшін қалай өткендігі туралы кәсіпорынның пайдалану жөніндегі бас инженерінің орынбасары Павел Плетухов баяндады.
“Жылыту маусымы штаттық режимде, тыныш өтті деуге болады: ірі зақымдар, апаттар анықталмады. Қаулыға сәйкес жылыту маусымының аяқталу күні 24 сәуір болып бекітілді. Бүгінгі күні тұтынушылар жылу желілерінен ажыратылып, сорғы станциялары, айдайтын станциялар, сонымен қатар орталық жылу пункттері (ОЖП) тоқтатылды, жылу желілерін жөндеуге шығару алдында беріктігі мен тығыздығына сынаулар басталды”, - деп атап өтті маман.
Жағдайдың тұрақтылығына қарамастан, жылыту маусымының барысында жылу желілерінде бірқатар зақымдар болды. Осылайша, 2023 жылдың басынан Павлодар қаласы бойынша 124 ақау анықталды, оның ішінде Солтүстік желілік аудан бойынша - 15, Оңтүстік желілік аудан бойынша - 109 зақым. Облыс орталығында апаттар болған жоқ.