30 маусым күні «Павлодарэнергосбыт» ЖШС Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментіне 2023 жылдың 1 тамызынан бастап 1 кВт/сағ үшін электр энергиясымен жабдықтау қызметтерінің шекті бағасын 19,20 теңгеден 26,68 теңгеге дейін жоғарылату туралы хабарламаны жолдады. Қазіргі уақытта тарифті жоғарылату туралы мәселе Департаменттің қарауында. Естеріңізде болса, 1 квт / сағ үшін 19,20 теңге қолданыстағы шекті тарифі 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап әрекет етіп келеді.
1 квт / сағ үшін тарифті 7,48 теңгеге жоғарылату не үшін қажет? «Павлодарэнергосбыт» ЖШС-де бұл - электр станцияларының, энергия беруші кәсіпорындардың үнемі өсіп келе жатқан шығындарына, әлеуметтік маңызы бар нарық субъектісінің тиімді жұмыс істеуі үшін орташа жалақыны және басқа да баптарды ұлғайту есебінен жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақы қорын ұлғайтуға байланысты деп түсіндіреді.
«Мәселен, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ жылу электр орталықтарында көмір сатып алу және тасымалдау, қажетті жөндеулер үшін материалдарды сатып алу және мердігерлердің қызметтерін төлеу сияқты шығындар өсуде, сондай-ақ күл үйіндісінің құрылысын аяқтау қажет, онсыз станциялар жұмысы тоқтайды. «ПЭТК» АҚ-да да міндетті жөндеу жұмыстарына шығындар артуда. Осылайша, компания тарифін жоғарылату қала тұрғындарын электрмен жабдықтау қызметін сапалы көрсету үшін қажет, оған қоса қалада үнемі жаңа тұрғын үйлер, бизнес объектілер және бюджеттік ұйымдар пайдалануға енгізілуде. Тарифті 1 квт / сағ үшін 7,48 теңгеге жоғарылату кездейсоқ емес, бұл көрсеткіш электр энергиясын өндіру, беру және бақылауға қатысатын барлық ұйымдардың 2023 жылғы тарифтерінің өсуінен қалыптасты», - деп түсіндіреді «Павлодарэнергосбыт» ЖШС бас директоры Талгат Аргинов.
Кәсіпорын басшылығы сондай-ақ бүгінгі таңда білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесінің өзектілігіне назар аударды, бәсекеге қабілетсіз жалақыға байланысты тәжірибелі мамандар басқа жұмыс орындарына ауысып, ал жаңа жұмысшылар компанияға келгісі келмейтінін атап өтті.
Электр энергиясы тарифінің 1 кВт/сағ үшін 7,48 теңгеге артуы келесі факторларға байланысты: «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ электр энергиясы бағасының 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 кВт/сағ үшін 12,25 теңгеден 12,64 теңгеге дейін; 2023 жылғы 1 маусымнан бастап 1 кВт/сағ үшін 12,64 теңгеден 16,08 теңгеге дейін артуы. Электр энергиясын беру тарифтерінің: 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «ПЭТК» АҚ-да 1 кВт/сағ үшін 4,771 теңгеден 5,330 теңгеге дейін, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-да 1 кВт/сағ үшін 2,17 теңгеден 2,18 теңгеге дейін, «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Қаныш Сәтпаев атындағы канал» филиалында 1 кВт/сағ үшін 1,04 теңгеден 1,08 теңгеге дейін; 2023 жылғы 1 шілдеден бастап «ПЭТК» АҚ-да 1 кВт/сағ үшін 5,330 теңгеден 6,253 теңгеге дейін; 2023 жылғы 1 тамыздан бастап «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК «Қаныш Сәтпаев атындағы канал» филиалында 1 кВт/сағ үшін 1,08 теңгеден 1,09 теңгеге дейін артуы. «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС-нің жүктемені көтеруге электр қуатының дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі қызметке бағасын 1 МВт үшін 711 432 теңгеден 690 007 теңгеге дейін төмендетуі. 2023 жылғы 1 қазаннан бастап «KEGOC» АҚ тарифтерінің жоғарылауы: ұлттық электр желілері бойынша электр энергиясын беруге 1 кВт/сағ үшін 2,848 теңгеден 3,004 теңгеге дейін; электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша 1 кВт/сағ үшін 0,102 теңгеден 0,105 теңгеге дейін. Әлеуметтік маңызы бар нарық субъектісінің тиімді жұмыс істеуі үшін орташа жалақыны және басқа да баптарды ұлғайту есебінен еңбекақы төлеу қорының ұлғаюына байланысты жабдықтау үстемесін арттыру.